26 қаңтарда Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті, оның барысында қорытындылар шығарылып, басымдықтар белгіленді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

«Проактивті қызметтер белсенді түрде енгізілуде, олардың жалпы саны 40-қа жетті», – деді Мусин.

Проактивті тәсіл – азамат үшінші тұлғалардың қатысуынсыз өмірінің барлық кезеңдерінде мемлекетпен өзара әрекеттесе алатын «Invisible Government» тұжырымдамасын жүзеге асыру кезеңдерінің бірі.

«Біздің стратегиялық міндетіміз – әрбір өмірлік жағдайды талдау, азаматтың неден өтуі керектігін түсіну, кедергілерді жою және барлығын ыңғайлы әрі түсінікті үдеріске айналдыру. Ол үшін фокус-топтар жиналады, нақты мемлекеттік органдар, СDО және т.б. тартылады. Бизнес-үдерістерді қайта қараудан кейін оларды мүмкіндігінше проактивті сервистерге көшіру жоспарлануда», – деді Бағдат Мусин.

Сондай-ақ, министр өз сөзінде халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жеңілдету жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазір Қазақстанда 324 орталық бар, өткен жылы 14-і жаңғыртылды, биыл тағы 50-ін жаңарту жоспарлануда.

Өткен жылы азаматтардан донорлық, рецепттер, жүкті әйелдерді тіркеу және ауруханаға жатқызу жағдайы туралы кеңейтілген ақпаратты жинақтайтын «eDensaulyq» сияқты маңызды әлеуметтік электрондық қызметтер іске қосылды.

«Қолданба емделушіге жеке медициналық деректеріне қол жеткізуді басқаруға, ЭЦҚ арқылы келісімге қол қоюға және емханаға бармай-ақ онлайн режимінде дәрігермен кейбір мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде дәрігерлер денсаулық сақтау жүйесінде бар пациенттер туралы мәліметтерге қол жеткізе алады, олар медициналық ақпараттық жүйенің «бір терезеде» жұмыс істей алады және көп құжаттарды толтырудың қажеті жоқ», – деді Бағдат. Мусин.

Сонымен қатар, министр цифрлық ведомствоның маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі байланыс саласын дамыту екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда 4,9 мың ауыл кең жолақты мобильді интернетке қосылған. Жұмыс 3G емес, 4-ші буын байланысымен қамтуды арттыруға бағытталған.

Министрлік жұмысының тағы бір бағыты «қолжетімді интернет» жаңа ұлттық жобасын әзірлеу болып табылады, оның мақсаты халық пен бизнесті интернетке жоғары жылдамдықтағы қолжетімділікпен (100 Мбит/с) қамтамасыз ету.

Ұлттық жобаның басты шараларының бірі – 3 мыңға дейін елді мекенге оптика төсеу. Министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп интернетті «соңғы мильге» қосу үшін арнайы гранттар бөледі. 20 қалада 5-ші буын ұялы байланыс желілерін енгізу және салу іске қосылады.

Отырыс барысында ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары да баяндама жасады, оның ішінде «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Ростислав. Коняшкин, «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев.