Қазақстанда төтенше жағдай кезінде интернеттен ажырамайтын ресурстардың тізімі жасалады. Бұл туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин айтты.

Министрдің айтуынша, қаңтар оқиғасы төтенше жағдай кезінде барлық байланыс желісін тоқтатпауға тиіс екенін көрсеткен.

«Мемлекеттік және жеке ұйымдар, банктер, электронды үкімет сияқты бірқатар маңызды нысан кез келген уақытта үздіксіз қызмет көрсетуі керек. Сондықтан біз «ақ парақ» деп аталатын нормативтік-құқықтық актіні қалыптастырып жатырмыз. Онда төтенше жағдай кезінде де қолжетімді интернет-ресурстардың тізімі болады. Мұндай құжатты біз мемлекеттік техникалық қызмет арқылы пысықтаймыз», - деді Бағдат Мусин.